Көктем - қыстан қысылып, тоңазып шыққан тірі ағзаға жылуын аямай төгетін шуақты мезгіл. Міне, күн-көктем шуағын төгіп, арайлап атқан таңдар мейірімін төге бастады. Наурыз айының бірінші жұлдызы алғыс айтудан басталатынына жаның жадырап, әрбір жақсы адамдарға қалай лебіз білдіреріңді білмейсің, бірақ жан дүниең алғысқа, жақсылыққа, мейірімге толып, жаныңды қуаныш кернейді. Алайда ең бірінші аналардың шуағын төккен жанары басқа ойға жол бермес! Ананың махаббаты да дәл осы көктемнің шуағындай. Қашаннан естен кетпейтін жарқын жүзді аналар бар. Бұдан бұрын да «Мен елімнің патриотымын» ашық сабағы және ауылдағы соғыс ардагерлері мен көпбалалы аналар туралы материал жинақтап, слайд жасап, ауқымды сабақ өткізкізген едім. Бүгін - наурыз айының бірінші күні. Алғыс айту күніне орай ең бірінші аналар еске түседі.
Ою ойып, киіз басып, сырмақ тігіп, жүн сабап, өрмегін жүгіртіп, қазақи дәстүрді нақышына келтіріп отыратын Ақша Алибаева анамыз. Ақша ананы көзіміз көріп өсті. Он қолынан өнер тамған, шешен, ақыл парасаты ұл-қызына дарыған аяулы жан. Ауыл ақсақалы Оңғали Шугуров әкемізбен берекелі отбасының ұйытқысы болды. Тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары ата-ананың үмітін ақтап, әрбірі жоғары маман иелері.
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуақ төгеді. Осы шуақ пен жылынып, асыл ананың мейірімін алып жүрген біз алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші!
Ақша анамызға тіл-көзден аман жүріп, бейбіт өмірде ұзақ өмір сүріп, балаларының қызығын қызықтап, қиыннан қиыстыра сөйлейтін мәдени сөзсаптауын ұрпағына дарытып, қолөнер шеберлігін артына мұра етіп қалдырып, ауылдың көзайымы әрі көпбалалы ана ретінде жас ұрпаққа үлгі болып, деніңіз саушылықта жүре беріңіз дегім келеді.
Гүлмира Теңізбаева, Қарақия ауданы Мұнайшы ауылы