©
Полиция полковнигі Маңғыстау облысының Ішкі істер департаментінің бұрынғы бірінші орынбасары Амангелді Досаханов 59 жасында қайтыс болды. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов орны толмас қазаға байланысты көңіл айтты:
«Еліміздің құрметті әрі беделді азаматы Амангелді Төлебайұлының отбасы мен ет жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Амангелді Досаханов ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында мінсіз қызмет атқарып, әріптестерінің шынайы құрметіне және лайықты беделге ие болды. Зейнеткерлік жасқа жетсе де ол Отанымыздың игілігі үшін жұмысын жалғастырды. Жастарға білгенін үйрету арқылы мол тәжірибесімен бөлісті. Оның жолы еңбексүйгіштік пен кәсібиліктің, азаматтық және ресми борыштың жоғары деңгейдегі орындалуының нағыз үлгісі бола алады. Марқұмның жарқын бейнесі көңіл төрінде сақталмақ».
Амангелді Төлебайұлы 1959 жылдың 15 наурызында Атырау облысы Мақат ауданында дүниеге келген. Елге қызмет етуді мақсат еткен Амангелді Төлебайұлы 1980 жылы КСРО ІІМ басшы құрамын дайындайтын Шымкент арнаулы-орта милиция мектебіне оқуға түсіп, оны бітірген соң, 1982 жылы Маңғышлақ облысының еңбекпен түзету мекемесінің жедел уәкілі болып тағайындалады. Осы кезден бастап ол 35 жылдан астам уақыт ішкі істер саласында үздіксіз қызмет еткен.
Еңбек жолының көп бөлігін жедел іздестіру саласына арнаған Амангелді Төлебайұлының қызметтегі көп жылдық тәжірибесі ескеріле отырып,оған бірқатар жауапты жұмыстарды атқару тапсырылды. Осы кезең ішінде Амангелді Төлебайұлы Қарақия аудандық ішкі істер бөлімін, Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасын, Ішкі істер департаментінің криминалдық полиция, өзіндік қауіпсіздік, штаб басқармаларын және Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасын басқарды. 2013 жылдың қаңтар айында департамент бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалып, оны зейнет жасына дейін абыроймен атқарды.
Амангелді Төлебайұлы қызмет барысында талап қойғыштығымен және ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленетін басшы екенін көрсетті. Оның еңбек жолы Ішкі істер органдарындағы қызметтерін жаңадан бастаған жас ұрпаққа жарқын үлгі болды. Ел алдындағы қызметі жоғары бағаланып, ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «ІІО-ның ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына - 20 жыл», барлық дәрежелі «ІІО мінсіз қызметі үшін» медалдарымен, «Үздік қызметі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. «Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері» атағының иесі.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН