Жыл басында Форт-Шевченко қаласына мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов, Әлия Сапарова, Ахмет Мұратов және Наталья Жұмаділдаева келіп, Түпқараған ауданы активтерімен кездесті.
3-12 қаңтар аралығындағы Маңғыстаудағы жұмыс сапарларын депутаттар жаңа жылдың келуімен байланыстырып, өткен жылда парламенттің мәжіліс палатасында атқарылған жұмыстар жайын ел арасында баяндауды дәстүр көрген. Әрі халықтың әл-ауқатын көзбен көріп, ұсыныс-тілектерін естуге келгендіктерін айтты.
«Дәл бүгінгі күні ел арасында 107 депутат іс-сапарда жүр. Әр өңірді аралап, өткен жылда жасалған жұмыстарды қарап, әрі жаңа Заң жобаларын түсіндіруді мақсат еттік. Сәуір-желтоқсан айларында парламенттің қарауына 54 Заң жобасы түсті. Саралап, зерделеп, оның 22-сі Елбасының қолдауын тапты. Елбасы әсіресе саяси тұрақтылыққа, экономикалық саясатқа әрі санамыздың ата-баба дәстүрінен айнымай, жаһандану кезеңінде түп-тамырымыздан ажырап қалмауымызға үлкен мән береді. Соған байланысты мемлекеттік бағдарламаларды енгізіп, тапсырмалар тапсырды. Оның бірқатары ел арасында жүзеге асып жатқанына куә болып отырмыз. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстың жол, көлік, тұрғын-үй сияқты халыққа қажетті мәселелеріне қатты көңіл бөлгендігін айтты», - деді Тарас Киікбайұлы.
Одан бөлек сөз алған Әлия Сапарова парламент сайтында әрбір қаралуға берілген Заң жобалары жарияланатынын, оған әр қазақстандық пікір қалдыруға және өз ұсынысын беруге толық мүмкіндігі барын айтты. Осы сайтта әр депутаттың өз парақшасы барын, сол электрондық адреске шығып, қалаған депутаттың өзімен пікірлесуге де болатынынан хабардар етті.
Ауданымыздан депутаттарға ұсыныс айтқан аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова "Форт-Шевченко - Таушық" арасындағы көлік жүретін автожолдың құрылысы аяқталуына жоғарыда отырған депутаттар көмегі керегін айтты. Таушыққа аудан орталығынан тіке баратын көлік жолы салынса туристік бағытқа да өз әсерін беріп қоймай, орталықтан шалғай жатқан Таушық ауылын ауданға 60 шақырымдай жақындататынын әрі аудан жұртшылығын Маңғыстау ауданындағы темір жолға тіке шығуына мүмкіндік беретінін айтты. Сөйтіп тасымал мәселесіне де, жол шығынына да оң ықпал болатыны халыққа тиімді болмақ деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар көп балалы аналарға табыс-кірісіне қарамастан берілетін әлеуметтік көмектің жаңа жылдан бастап қысқартылуына өзінің қарсы пікірін білдіріп, депутаттардың жұмыс барысында тағы бір қаралуын ұсыныс етіп қойды.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда экология департаментінің қызметкері пара алғаны үшін ұсталды