Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшесі Наталья Жұмадильдаева мен ҚР Мәжілісінің реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әлия Сапарова «Достық» үйінде «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисі мүшелерімен кездесті.
Басқосуды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде төрт бағыт бойынша қолға алынған жұмыстар төңірегінде қысқаша баяндап өтті.
- Офис құрылған күннен бері атқарылып жатқан көз алдымызда. Мәдени мұра, мәдениет, білім, атамекен, басқа да сан-салалы бағыт бойынша көп іс жүзеген асты. «Рухани жаңғыртудың» бір мақсаты - сананы өзгерту, жастардың келешек мүддесімен орайлас кәсіп таңдауына бағыт-бағдар беруді көздейді, - деп Мақсат Нұрлыбекұлы орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, жеке кәсіп ашушыларда қолдау төңірігінде сөз етіп, аймақтың даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы Гүлайым Азан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Әрине, аз ғана уақыт ішінде біраз шаруалар қолға алынды. Өңірдің келешегін айшықтайтындай, өскелең ұрпақтың қажетіне қызмет ететіндей керемет, келісті жобалар бар. Қашан да елдік мүддеде елгезектік танытып жүрген, ұлтжанды азамат Алқажан Еділхан басқаратын өңірлік сараптау кеңесінің сүзгісінен өткен бұл жобалардың маңызы Маңғыстау өңірі үшін ғана емес, еліміз үшін де аса зор.
- Бір ғана «Рухани қазына» бағыты бойынша өлке зерттеушісі Нұрлан Құлбаев 10 сүбелі жоба ұсынды. Жеті қайқы, жыр сүлейлері еңбектері, көне көмбе қайнарлары, тарихи ескерткіштеріміздің тылсым сырлары, бүгінгіден Серікбол Қондыбаевтың қалдырған мұрасы құндылығы ұрпақтардың санасына сіңіп, жастарды адами, озық қасиеттерге тәрбиелей беруге тиіс. Осы ретте алаңдататын бір жайт бар. Жоспарланған жергілікті жобаларға бюджеттен әлі толық қаржы бөлінген жоқ. Олардың ішінде кезек күттірмейтіндері де бар. Жоспарланған іс-шаралар республикалық деңгейде тіркелген. Сондықтан осындай ерекше мәнді жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігі бар ма? Мәжіліс депутаты ретінде сіздер араласып, осыған қолдау көрсетсеңіздер, - деп Гүлайым Бақытқызы ұсынысын да білдіре кетті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Жұмадильдаева мен Әлия Сүйіндікова білім, әлеуметтік салада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асуға тиісті өзгерістер, Мәжіліске түскен заңдардың талқылануы, Парламент қабырғасындағы экспорттық топтардың жұмысы, Парламенттік тыңдаулар, Үкіметтік сағаттар кезінде көтеріліп жүрген өзекті мәселелер жайында баяндап, Маңғыстаудың еңбек ұжымдарымен кездесуде сөз болған мәселелер, алдағы жұмыс бағыттары турасында ой бөлісті. Сондай-ақ кездесуде астанадан келген халық қалаулылары мұғалімдер мен әдіскерлердің мәртебесі, жалақыларын көтеру мүмкіндіктері, оқушыларды ынтыландыру, жоғары білікті ұстаздарды көтермелеу тетіктері, кадр жетіспеушілігі сияқты түйінді мәселелерге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Өздерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыс барысынан хабардар етіп, кездесуде айтылған ой-ұсыныстарды іске асыру мақсатында жұмыстанатындығын жеткізді.
Болат ҮМБЕТОВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46136,46133,46134,46131,46132,46140,46135,46138,46139"]