Қаладағы жылу өндіру, тасымалдау және тарату қызметтерін көрсететін «Өзенжылу» мекемесі жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарда жүрген 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған.
Коммуналдық саладағы еңбек өтілі 25 жылға таяп қалған мекеменің персоналды басқару бөлімінің бастығы Нәбира Сүндетбаеваның айтуынша кәсіпорын әр жылы қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуда қалыс қалып отырған жоқ. Соңғы үш жылда 19 адамды штатқа қабылдапты.
- Қоғамдық жұмыспен бізге жылына ең аз дегенде 50 адам келеді. Көпшілігі 3-4 жыл қатарынан үздіксіз келіп жүріп, тиянақтылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен қызметкерлер. Биыл 12 адамды жұмысқа қабылдадық. Олардың ішінде - 6 бақылаушы, 1 қоймашы, 2 менеджер, 1 қызмет үйлестіруші, 1 еден жуушы және 1 оператор жігіт бар. Жолдамамен келетін жұмысшыларымыздың еңбекке деген құлшынысы, жұмысына деген жауапкершіліктері ерекше. Мерзімі аяқталып кетіп бара жатқан сәттерінде қимай жатамыз, - дейді Нәбира Жеткінбайқызы.
Нағима Ағатаева мен Раушан Өскінова коммуналдық кәпорынға қазан айында тұрақты жұмысқа қабылданған бақылаушы мамандар. Екеуі де көп жылдан бері қоғамдық жұмыстарда еңбек еткен. «Қазіргі жұмысымыз тұрғын үйлерді аралап, ыстық су құралдарын тексереміз, төлем бойынша қағаздарын таратамыз. Қиыны мен қызығы қатар жүретін жұмыс. Ұжым жақсы, бәрі өзіміз сияқты қарапайым жандар. Жалақымыз да тұрақты орынға қабылданғаннан бері жоғарылады. Әлеуметтік пакет деген бар. Бәріне ризамыз».
Фатима ҚАРЖАУОВА, дебиторлық қарыздар бөлімінің менеджері:
- Негізгі мамандығым - бухгалтер. Жақында ғана менеджер қызметіне тұрақты түрде қабылдады. Оған дейін ұзақ жылдар бақы- лаушы болдым. Қазір тұрғындармен жұмыс жасаймыз. Бақылаушылардың тарататын төлем қағаздарын, сотқа дейінгі талап-арыздар дайындап береміз. Жұмыстың орындалысын тексереміз. Қазіргідей екі қолға бір күрек табу қиын заманда тұрақты жұмысқа орналасу үлкен сәттілік. Басшылыққа алғысым шексіз.
Айжан НАСЫРОВА