Тәуелсіздік тойы қарсаңында қонақтар мен Құрық ауылының тұрғындары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуына жиналды. Н.Жантөрин атындағы драма театрдың әртістері қайғы-қасірет әкелген зұлмат жылдардың көрінісін сахналады. Жиналған қауым жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етіп, үнсіздікпен еске алып, Құран бағыштады.
–Ескерткіш Қазақстан халқына орны толмас қасірет пен қайғы әкелген саяси-қуғын сүргінге 80 жыл толуына орай бой көтерді. Өткен ғасырдың 1929 –1931 жылдары Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан 2 миллионнан астам қазақ шет елдерге бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Сол бір зобалаң жылдары бастарын өлімге тігіп, қазақтың қамын ойлаған қайраткер тұлғаларды естен шығармай, олардың рухына тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз. Ұрпақ рухы биік болу үшін жастарымыз өткен тарихты жете білуі қажет. Осындай тұлғаларымыздың арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
–Биыл осындай мемориалдық кешен салу туралы ұсыныс түсті. Біз –облысқа белгілі мүсінші Көшер Байғазыұлынң шәкіртіміз.Ұсыныс түскеннен кейін қызу жұмысқа кірістік. Бұл ойымызда бұрыннан жүрген идея болғандықтан оңай жасап шығардық. Ортада тұрған тұғырдағы темір шынжырды үзген қыран құс еркіндікті, бостандықты білдіреді. Екі жағындағы екі белгі ашаршылықты және саяси қуғын-сүргін ұшыраған боздақтарға арналған. Құны 40 млн.теңге болатын кешенді жасауға 3 ай уақыт кетті, – деді мүсінші Серікқали Айтжан.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44599,44596,44598"]