Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлтымыздың ертедегі ата салт-дәстүрлері мен Отанымыздағы киелі жерлердің қасиетін бүгінгі жастардың санасына сіңіріп, олардың ақыл парасаты мен ой-армандарын, мақсат-мүдделері мен ұрпаққа үлгі боларлық құнды да, маңызды істерін насихаттауға аса көңіл бөлініп, осы күндері жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш мақалада «Туған жер» бағдарламасына ерекше тоқталып: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» деп атап көрсеткен болатын. Ол үшін өшкенімізді жағып, өлгендерімізді тірілту бойынша ауқымды істер жасалуда. Солардың бірі жақында Ақтөбедегі «А-Полиграфия» ЖШС баспасынан жарық көрген жаңаөзендік жалынды журналист, қарымды қаламгер Мұратбай Ұлықпанның «Дәуімшар батыр және оның ұрпақтары» атты шығармасы жарық көрген айтуға болады. Кітап түрлі-түсті болып, 30,5 баспа табақ көлемінде шықты.
Кітап Шоғы батыр Мұңалұлына жасалған өлшеусіз қызметтерді айтумен басталған. Батыр бабаның Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи күмбезді кесенесіне есімінің қалай жазылғандығы, оны іздеп табудағы бүгінгі ұрпақтарының еселі еңбектері, Маңғыстаудың Мұнайлы ауданындағы №5 орта мектептің алдына еңселі ескерткішінің қалай орнатылғаны, берілген алқалы ас туралы да кітапта әңгімеленіп, нанымды суреттелген.
Сондай-ақ Шоғы бабаның тоғызыншы ұрпағы Қуатұлы Дәуімшар батырдың дүниеге қалай келгенінен бастап, туған жер топырағын басқыншылардан қалай тазарту жолындағы жанқиярлық ерлік істері ел арасындағы айтылып жүрген аңыз-әңгімелердің желісі арқылы сөз болады. Өйткені 1810 жылғы орыстың отарлау саясатына қарсы Жем бойындағы Дәуімшар-Құдабай жорығы – кейінгі 1836-38 жылдардағы Жайық бойындағы Исатай мен Махамбеттің, 1870 жылғы Үшауыздағы Иса мен Досан бастаған көтерілістермен үндес еді. Сондықтан Дәуімшар батырдың ерлік істері шынайы суреттелген. Сондай-ақ батырдың жатқан жерінің қалай табылғаны, оған ұрпақтарының жасап жатқан жақсылықтары, баба рухы алдындағы перзенттік парыз бен қарыздың өтелуі болып есептелетіні әңгімеленген.
Дәуімшар батыр мен бірлікте оның тумаластарының да, замандастарының да ел қорғау жолындағы ерлік істері сол замандарды жырға қосқан ақын, жыршы, жыраулардың айтқан отты өлеңдерімен өріліп отырады.
Кітапта Дәуімшардан туылған жеті баламен бірге оның бүгінгі басты-басты ұрпақтары туралы да жазылған. Олардың бүгінгі туылған балаларынан бастап, сонау Адай бабасына барғаншағы тарихи шежірелік жолдары кестеленіп берілген. Бұл - әрбір ұрпақтың жеті атасын білмей, жетесіз болып өспеуіне ықпал ететін маңызды қадам. Сол үшін аталмыш кітаптың бүгінгі ұрпаққа берері де, беретіні де ұшан-теңіз деп ойлаймыз. Бұл – жақсы үрдіс. Мұндай да киелі мекеннің қыраны іспеттес Әбіш Кекілбаев атамыз «Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда өз ырысымызды өзіміз тепкендік, өз тілеуімізді өзіміз кескендік болар еді» деп қағидаға бергісіз қара сөзбен анықтама беріп өткен.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА