©
Еліміздегі халықтардың татулығы мен достығының мекеніне айналып, бейбітшіліктің белдеуі болған «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылғанына 10 жыл толды. Ынтымақтың ыстық алауы жанып, тұрақтылықтың туы тігілген киелі орында осы уақыт ішінде Адай атадан тараған ұрпақтар бірлік отын маздатып, ата рухына тағзым етті. Мұнда жыл сайын елді ауызбіршілікке, ынтымаққа үндейтін, алыс-жақын ағайынмен туысқандықтың тамырын бекітетін Амал мерекесі тойланып келеді. Батыс Қаратаудың ең биік нүктесіндегі тарихи-мәдени кешеннің 10 жылдық мерекесі елді татулыққа, тұрақтылыққа ұйытты. Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған жалпыхалықтық мерекеде алыс- жақыннан келген қонақтар «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің жанындағы «Үш жүздің төбе билері» монумент ескерткішінің ашылуына қатысты. Ұлы дала елінің дарабоздары Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің ескерткішінің шымылдығын облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ақын Сабыр Адай ашты. – Қадірлі ағайын! Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміздің рухын көтеретін, елдігін танытатын істер атқаруды тапсырды. Өркениетті, дамыған мемлекеттердің ерекше қастерлейтін қасиетті жерлері болады. Түп- тамыры 10 жылдан емес, тарихтың көне ғасырларынан бастау алатын бұл орын арқылы ата- бабаларымыз елімізді, жерімізді жаудан қорғады. Мұнда кезінде жағылған ұран оты елді бірлікке,татулыққа шақырды. Отпан тау – көпұлтты Отанымызда тағдыр табыстырған өзге ұлт өкілдері үшін де қастерлі нысан. Мұнда қазақстандық ұлт идеясы жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан ашылған «Үш жүздің төбе билері» монументінің тұғыры да осындай биік идеяларды көздеген асқар таудың басы болмақ. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Отпанның ұлыларымыздың өнегелі жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттың генетикалық кодын сіңіріп, «Мәңгілік ел» стратегиясы негіздерінде тәрбиелеуде атқарған рөлі зор. Отпан тауды қазақтың қарашаңырағының отауы десек, бүгінгі «Үш жүздің төбе билері» монументінің Отпан тауда орын тебуі заңдылық. Ұлылардың ұлағаты ұрпақтың жүрегіне ұяласын! Ұлттық кодты сіңіру дегеніміз – міне, осы, – деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы. Маңғыстаулық мүсінші Көшер Байғазиев соққан ескерткішке қонақтар гүл шоқтарын қойды. Еңсе көтерген туындының ашылуына қатысқан ел ағалары лебіздерін білдірді. – Кез келген киелі орын, кез келген аймақ сол жерде өмір сүріп жатқан өкілдерімен баянды. Кез келген қазақ даласының пұшпағы – қазақ халқының мәңгілік құндылығы, оның ары мен намысы, атадан балаға қалған мұрасы, оның болашағы. Жалғыз түп жусан түбінде біздің қазаққа ортақ намыс бар. Сол намыс, ұлттық рух оянбайынша, біз еш уақытта өркендеп, өсе алмаймыз. Ұлттың ішкі рухы – оның өсуінің кепілі. Сондықтан Отпанда жасалып жатқан қызметтеріміздің басты мақсаты – бұқара халықты жұмылдыру арқылы ұлттық санан ояту, салт- дәстүрімен қайта табыстыру. Сол салт-сананың, ұлттық дәстүрдің, қағидалардың аясында қазақтың бойындағы ар-намысты ояту арқылы туыстығын баянды ету. Сол туыстық арқылы біз жұмса жұдырық, ашса алақан болып, болашаққа аяқ басуымыз қажет. Бізден кейінгі ұрпаққа мынау ұлан- ғайыр даланың бізге дейінгі тарихын және бізден кейінгі баянын дәріптеп, кемел келбетін рухани тұрғыдан жүректерге сіңіруіміз тиіс. Отпан тауға қазақтың үш би – Қазыбек, Төле, Әйтеке биді әкелдік. Бұл – Маңғыстау халқының қазаққа, тегіне деген құрметі. Қарашаңырақ та соның белгісі. Үш бидің ескерткіші маңғыстаулықтардың жүрегіндегі қазақ халқының бірлігіне деген символы. Батырларымыздың рухымен қазаққа ұран салсақ, енді бізге үш бидің рухы келіп қосылды. Маңғыстау халқын, алты алашты ортақ бірлікке шақырамыз.Ел аман, жұрт тыныш болсын! – деді «Адай ата - Отпан тау» тарихи-танымдық, этно-мәдени кешенінің авторы, ақын Сабыр Адай. «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің құрылысына атсалысып, қызмет еткен, тілектес болған Қазақ еліндегі, алыс- жақын шетелдердегі азаматтарға арнап алғыс тақтасы ашылды. «Ақсарай» мұражайының алдына орнатылған алғыс тақтасын ардагер дәрігер Сүлеймен Бердәулетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов ашты. Еліміздің өзге аймақтарынан, облысымыздан келген қонақтар Адай ата кесенесіне бет алып, ата-бабалар рухына құран бағыштады. Отпан таудың етегіндегі «Қарашаңырақтың» жанына жағалай тігілген киіз үйлер, әдемі безендірілген сахна, ошаққа асылған қазан, кең жайылған дастархан мерекенің сән-салтанатын айшықтай түскен. Мерекелеген қауым қаз-қатар тігіліген киіз үйлерге түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. «Қарашаңырақ» нысанындағы көрмеде өңірдің қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы әртүрлі бұйымдарына жұртшылық қызығушылық танытып, сатып алып жатты. «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығының салтанатты ашылуында облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау лебізін жеткізіп, елдік істердің атқарылуына атсалысып жүрген бірқатар азаматқа, мәртебелі қонақтарға халықтың атынан алғыс білдіріп, сый-сыяпат табыстады. – Құрметті ағайын! Бүгінгі шаралар ұлтсыздықтан, дінсіздіктен, отансыздықтан қорғану, елдің ынтымағы, жеріміздің тұтастығын сақтау жолында жасалып жатқан жарқын істер. Бар қазақ бір- бірін: «әр қазақ менің жалғызым» деп жақсы көруі керек. Бар қазақ бір болсын! Ең биік нүктеде халық үшін мән-маңызы зор, елді ауызбіршілікке, бір болуға үндейтін істер жалғасын табады деген сенімдемін. Еліміздің мерейі үстем болсын! – деді шығыстанушы, этнограф ғалым Ислам Жеменей. Жиында сөз алған «Ел-ана» қоғамдық қорының президенті, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Отпан тауға келген қазақтың үш биі елдің бірлігін тілейтінін айтып, Маңғыстау өңірін рухани жаңғырудың кіндігі деп атады. Мереке аясында «Рухани жаңғырудағы «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сахан төрінде жергілікті өнерпаздар мен жыршы- күйшілер күмбірлетіп күй төгіп, құйқылжыта ән салды. Мерекелік бағдарламалар мазмұны мәдени шаралармен қатар ұлттық ойындарды да қамтыды. Шетпенің шетіндегі ат жарысы алаңына түстен кейін облыстық атан, тай жарысы өтті. Атан жарыста Сұлтанғали Кенебаевтың (Маңғыстау ауданы) түйесі бірінші болып мәре сызығын кессе, Әубәкір Баубектің (Маңғыстау ауданы) түйесі екінші келді. Жүлдегерлерге 200 және 100 мың теңге көлемінде қаржы табысталды. Тай жарыста Қилыбек Қойышбаевтың аты қамшы салдырмай, бірінші болып келді. Жүсіпбек Қонаевтың жүйрігі 2-ші келсе, 3-орын Азамат Қожахметовтің тұлпарына бұйырды. Топтар қатарда Нұрболат Оңайбаевтың аты жеңімпаз болды.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40521,40523,40517,40522,40516,40515,40518,40520"]