Ақтауда жақында ғана ойық шұңқыры бүтінделген орталық жолы сапаға сай емес. Бұл туралы Ұлттық жол сапа орталығының инженерлері мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мамандар 14 шағынаудандағы облыс әкімдігі ғимаратынан бастап 29 "а" шағынаудан аралығындағы жолға бақылау жүргізген. Мамандардың айтуынша, төселген жол бөліктері тегіс емес.
«Бірлескен бақылау шарасының нәтижесінде шұңқырларды бітеу жұмыстарының сапасыз жасалғанын көрдік. Асфальт жабындының ескі және жаңадан төселген бөліктері тегіс емес, яғни бір деңгейде қабыспай тұрғаны арнайы техникалық құралдармен өлшемей-ақ көзге анық көрінеді. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен тұрғындарға қауіп төндіреді», - деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженері Мейіржан Бауыржанұлы.
Айта кетейік, жолды жөндеумен «Қала жолдары» серіктестігінің жұмысшылары айналысты. Мердігер мекеме жұмысының сапасын бақылау шарасы 11 қазан күні өткізілді. Шараға әкімшілік Полиция басқармасына қарасты жол-техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері де қатысты.