Ақтау гарнизонының авиациялық базасында мерзімді әскери қызметшілері запасқа шығарылып, жауынгерлік тумен қоштасу салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Қызылорда облысынан шақырылған мерзімін өтеген 30-дан астам әскери қызметші үйлеріне жіберілді. Бір жыл ішінде олар әскери істің қыр-сырын меңгеріп, жауынгерлік дайындықта жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, «Батыл тойтарыс», «Айбалта – 2022» ауқымды оқу-жаттығуларға қатысты.
Жауынгерлер қаруды шебер меңгеріп, далада өмір сүруді үйренді. Әскери қызметке адал көзқарасы, жауынгерлік дайындық тапсырмаларын сапалы орындағаны үшін жауынгерлер алғыс хаттар, естелік сыйлықтар, фотоальбомдармен марапатталды.
-Сарбаздар әскери бөлімде лайықты қызмет атқарды. Қызмет еткен жылы үлкен өмірлік тәжірибе жинақтад., көптеген оқу-жаттығулар мен жарыстарға қатысты. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта тамаша нәтижелер көрсетті, - деді әуе базасының командирі, полковник Медет Аскетаев.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінен 1000-ға жуық мерзімді әскери қызметшілер үйлеріне оралады.