“Бұл - дер кезінде жарық көрген туындылар. Жас ұрпақ сол зұлматты жылдарды көрмесін, алайда ата-баба ерлігін, ерік-жігерін бойға сіңіруі қажет. Темірдей тәртіп, антқа адалдық, отанға деген шексіз махаббат оларда осы кітаптар арқылы да дамыса екен”, дейді батырлар жайлы туынды авторларының бірі Мұсағали Тасқалиев.
Кітаптың тұсаукесері бұған дейін Ақтөбеде өткен. Алайда, туындыға арқау болған кейіпкерлердің бірі Қылыш Өтетілеуов ұрпақтары Маңғыстауда тұратындықтан кітаптың таныстырылымы аймақта өтуін де жөн санаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Алтын Өтетілеуова соғыс ардагері Қылыш Өтетілеуовтың қызы. Айтуынша, осы кітаптар артта қалған ұрпағына өшпес мұра.
- Қар жамылып, мұз жастанған олардың ерліктерін ұмытуға болмайды. Елді, жерді қасық қаны тамғанша қорғады. Әкеміздің тоғыз баласы бар қазір. Барлығы өз саласында еңбек етуде, -дейді Алтын Өтетілеуова.
Кітап авторы Мұсағали Тасқалиевтың айтуынша, майдангерлер туралы тың деректер күні бүгінге дейін ұрпақтарынан жетуде. Сондықтан, бір кітапқа сыймаған соң, екінші кітапқа сұраныс түскен.
-Бүгін міне, майдангерлер кітабының екінші кітабының таныстырылымы өтуде. Тек Маңғыстау емес, өзге де облыстарда да өтті. Кітаптағы көп кейіпкерлер Маңғыстаудан болған соң, осында да өтуін жөн көрдік. Жеңісті жақындатқан тұлғалар туралы бұл кітапқа көптеген адамдар енгізілген. Мұқабасындағы Қылыш атамыз Маңғыстаудың тумасы. Соғыстан келген соң Маңғыстауда мектеп салған адам. Қылыш атамыз тек майдангер ғана емес, қазақтың желаяғы Әмин Тұяқовтың да шәкірті. Кітапты шығарудағы мақсат - ата-баба ерлігін ұрпақ жадында жандандыру, құнды дүниелерді естелік қып қалдыру, - дейді Мұсағали Тасқалиев.
Кітаптың бірінші томы мың данамен, екінші бөлімі 500 данамен оқырман қауымға жол тартқан.