Маңғыстау ауданының жастары «Ұлытауға бардың ба» атты ұранмен Қазақстанды аралап келе жатқан 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашевты күтіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жиһангезді Жармыш ауылының маңында аудандық жастар ресурстық орталығының жастары қарсы алып, сәтті сапар тіледі. Жолға қажетті сусын, азықпен қоса қаржы берді.
Сәрсенбай Оспанұлы сапарды 31 наурыз күні Ұлытау облысынан бастаған. Мақсаты - Қазақстанды аралап, ішкі туризмді дамыту және Ұлытау өңірінің тарихын насихаттау.
Ұлытау облысы арқылы Қызылордаға, одан кейін Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік Қазақстанды жаяу аралап Ақтөбе облысына жеткен. Батыс Қазақстанның Оралында және Атырау қаласында болып, содан киелі Маңғыстаудың Бейнеу ауданын артқа тастап, кәрі шаңырақ атанған Маңғыстау ауданының Жармыш ауылына келіп жеткен.
Жол бойы қартқа кездескен жандар қонақжайлық танытып, көмек қолын созып, сапарының сәтті болуына үлес қосқан.
Ақсақал сапарын Ақтау қаласында аяқтамақ.