Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде 437-бап – «Тыныштықты бұзу» деген бар. Ең бастысы, ол жерде нақты айыппұлдар туралы жазылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
437-бапта, көпқабатты үйлерде 22:00-ден 09:00-ге дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй ішінде және одан тыс жерлерде шұғыл қажеттілікке байланысты емес шу көтеру, өзгелердің демалысына кедергі келтіретін жұмыстарды жүргізуге тыйым туралы айтылған. Тұрғын үйлер мен тұрғын үй массивтерінде орналасқан ойын-сауық мекемелерінің жұмыс күндері сағат 22.00-ден 09.00-ге дейін және демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін тыныштықты бұзуы, сондай-ақ жеке тұлғалардың тыныштығын бұзуы жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет – жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 40 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.