Білім бәсінде биік тұрған маңғыстаулық оқушының бірі – Альмира Нұрланова. Ол жақында ғана химия пәнінен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов олимпиада жеңімпаздарымен кездесіп, 3,1 миллион теңге сертификатпен марапаттады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бас ұстаздың айтуынша, халықаралық зияткерлік сында жеңіске жеткені үшін ақшалай сыйлық оқушыларға алғаш рет беріліп отыр. Сонымен қатар елдегі жоғары оқу орындарында оқуға автоматты түрде мемлекеттік грантқа ие болды. Білімді жастар қатарынан көрінген маңғыстаулық оқушы Альмира Нұрланова мұндай жетістікке қиындықпен жеткенін жасырмады. Себебі, білім – еңбек пен ізденістің жемісі.
«Химияға деген қызығушылығым 8-сыныптан басталды. Ұстазым Ильяс Шорманов химия пәніне дайындап, бағыт-бағдар беріп жүрді. Ол уақытта әлемдік деңгейге шығып, олимпиада жүлдегері боламын деген ой мүлдем болмаған еді. Себебі мектепішілік олимпиаданың нәтижесі бойынша соңғы орында тұрдым. Ал халықаралық химия олимпиадасының күміс жүлдегеріне айналу процесі қиын өтті», - дейді Альмира Нұрланова.
Ол бұған дейін Ташкент қаласында өткен халықаралық Менделеев атындағы олимпиадаға қатысқан. Айтуынша, ата-анасының үлкен қолдауы білім сынынан сүрінбей өтуіне себепші болған. Сондықтан да әрдайым олимпиада жазғанда ата-ананың үмітін ақтауға тырысады. Тек ата-анасы ғана емес, достары да Альмираға сенім білдіріп, қолдау көрсетеді екен.
«Достарыммен әр түрлі олимпиадада таныстым. Сондықтан олар олимпиаданың қаншалықты қиын екенін түсінеді, әрдайым қолдап, жетістік жолымның жаңғырғанын қалайды. Бос уақытта достарыммен сөйлесемін, кейде жас химиктерді олимпиадаға дайындаймын», - дейді зияткер.
Себебі Альмира Нұрланова жастардың қоғамда өз орнын тапқанын, қызығушылығын ерте анықтап, өзін жан-жақты сынап, тәуекелге бел буғанын қалайды.
«Қазіргі таңда оқушыларға мүмкіндік көп. Мектеп бағдарламасынан бөлек оқу, жетілу үшін «Beyond Curriculum» қоры жұмыс істейді. Замандастарымды осы қордың жобаларына қатысып, білім толықтырғанын құп көремін. Өзін алға тартуға, биікке ұмтылуға шақырамын. Ол үшін тек еңбек, ізденіс, арманға деген ұмтылыс қажет», - дейді А. Нұрланова.
Қазіргі таңда Альмира Нұрланова Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 12-сынып оқып жатыр. Арманы – шет елдегі ең мықты университетке түсіп, сапалы білім алу. Алған ілімді ел болашағына жұмсап, жастарға үлгі болу.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА