Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тасымалдаумен айналысатын азаматтарға өздерінің конституциялық борышы – мемлекеттік бюджет алдындағы салық міндеттемелерін орындау туралы есте сақтау қажет, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, олар жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелуі қажет, ол үшін кәсіпкерлік қызметті жүргізу орны бойынша салық органына ЖК ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарламаны ұсыну қажет.
Белгіленген нысан бойынша хабарлама «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда не келу тәртібімен қағаз жеткізгіште беріледі.
Жеке тасымалдаумен айналысатын жеке тұлғалар режимнің мынадай түрлері бойынша тіркеле алады:
- патент негізінде арнайы салық режимін (АСР) қолданатын ЖК;
- «e-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасын пайдалана отырып АСР қолданатын ЖК;
- оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданатын ЖК;
- ЖК жалпы белгіленген режимде.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 463-бабына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен тиісті тіркеусіз айналысу жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде, қайталап бұзған кезде – 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, әкімшілік құқық бұзушылық жасау заттары және (немесе) құралдары тәркіленеді.
Ал ақтаулық жеке тасымалдаушылар кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеу тиімсіз екенін айтады. Өйткені, тасымалдау тіпті өз құнын да ақтамайды.
- Қазір көліктің бөлшектері, құрал-саймандары қымбат. Ақтауда такси бағасы қатты қымбат емес. Барлығы да ақша жетпегеннен осындай жұмыспен айналысады. Кейбірі күн көру үшін көлікті несиеге алып, соны төлеу үшін тасымалдаумен айналысады. Кәсіпкерлік те, салық та біз үшін тиімсіз, - дейді Ақтауда тасымалдаумен айналысатын азамат.
Махаббат Нұржанқызы