Әлеуметтік желілерде 2019 жылы Сейсем ата қауымында берілген аста қазақ күресінен жеңімпаз атанған Нұрдәулет Жарылғапов бас жүлде үшін берілген пәтерді әлі күнге дейін алмағаны жөнінде ақпарат тарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Балуанның өзі де, бапкері мен пәтер сыйлаған жомарт кәсіпкерлер де әлеуметтік желіде тараған бұл хабарды жоққа шығарды.
Сейсам ата асында қазақ күресінен бас жүлдені еншілеген Нұрдәулет Ниетуллаұлына пәтерді сыйға тартқан бас демеуші «Оңдасынстрой» құрылыс компаниясының басшысы Бердіқожа Боранбаев.
«Ол үйді өз бапкеріме сыйға тартқан болатынмын. Әлеуметтік желіде тараған әңгіме дәйексіз. Өз тарапымнан арыз-шағымым жоқ», - дейді спортшы Нұрдәулет Жарылғапов.
«Жарыс біткен бойда бір бөлмелі пәтер берілді. Оны Нұрдәулет маған сыйға тартты. Мен де, Нұрдәулет те «Фейсбук» әлеуметтік желісіне тіркелмегенбіз. Тараған ақпарат шындыққа жанаспайды»,- дейді балуанның бапкері Қайрат Бурбасов.
«Оңдасынстрой» құрылыс компаниясының өкілдері де пәтердің дер кезінде берілгенін айтып отыр.