Ақтау — Қазақстандағы ең жас және жыл сайын туристер мен саяхатшылар арасында танымал болып келе жатқан қала. Алайда, демалушылар қалдырған қоқыстар қаланың көркін кетіреді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2022 жылдың алғашқы 3 айында қалаға 49 мыңнан астам турист келді.
Алайда, жаздың ыствқ күндері басталғалы адамның қоршаған ортаға және қаланың санитарлық жағдайына әсері де айтарлықтай байқалды. Қоқыс жәшіктері мен контейнерлер бола тұра, демалушылардың көпшілігі жағажайларды қоқыс полигондарына айналдырды.
Кейбір қала тұрғындарының жауапсыздығы кесірінен коммуналдық қызметкерлер күн сайын Ақтаудан 700-800 текше метр қоқыс шығарады.
— Біз қала тұрғындары мен қонақтарын ортақ үйіміз бен қалалық меншікке ұқыпты қарауға шақырамыз. Вандализм фактілері де бар. Өкінішке орай, қалалық мүліктің бүлінуі, қоқыстар дәл жартасты жол, жағалау сияқты туристік тартымды жерлерде шашылып жатады. Қаламыздың тағдыры біздің қолымызда екенін және бәріміз қоғам мен ұрпақ алдында жауапты екенімізді жеткізгіміз келеді", - деп атап өтті Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Күн сайын 400-ден астам адам қала көшелері мен аулаларының тазалығы үшін күреске шығады. Алдағы уақытта контейнерлік бактар санын арттыру жоспарланып отыр. Самал ықшам ауданынан Риксос қонақ үйіне дейін жағалауда 80 қоқыс контейнері орнатылды.
Бизнес-субъектілер экологиялық қауіпсіздік мәселелерінде белсенді азаматтық ұстанымды көрсетеді. Жағалауда жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚТҚ шығару жөніндегі ұйымдармен шарттар жасасады.
Қаланың туристік және мәдени имиджін қалыптастыруды өзімізден бастау керек.
Біз біріксек қана Ақтаудың баянды болашағын сақтаймыз.