Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Егер кеме Қазақстанда және халықаралық деңгейде қабылданған құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін қызметпен (тасымалдаумен) айналысса, әрине ондай шарт бұзылып, кеме кері қайтарып алынады, - деді Өскенбаев.
Еске сала кетейік, Түркиядағы Украина елшісі Василий Боднар қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен тасымалданған астық жөнінде жергілікті билікке жүгінгені хабарланған болатын.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Украинадан астық экспортталып жатқанына қатысты пікір білдірді. Сонымен бірге ҚТЖ кемені жалға алушыдан мән-жайды жедел әрі егжей-тегжейлі түсіндіруін де сұраған.