Ақтауда әскери-теңіз күштерінің сарбаздары салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан және Жамбыл облысынан борышын өтеуге келген 120-дан аса сарбаз Отан алдында ант берді. Салтанатты рәсімге жергілікті билік органдарының басшылары, ҚР Қарулы күштері мен әскери бөлімінің ардагерлері келді. Олар сарбаздарды айтулы шарамен құттықтады.
- Ант беру – бұл мемлекетке және өз елінің халқына адал болуға ант беру. Бұл әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Бүгін біздің қатарымыз рухы мықты және өз елін сүйетін жауынгерлермен толықты. Командирлердің басшылығымен сіздер жас сарбаздар әскери істі тыңғылықты меңгересіз және сол арқылы егемен Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесіңізді қосасыз деп үміттенемін, - деді Әскери-теңіз базасы командирінің бірінші орынбасары Артур Тудаков.
Қонақтарға әскери бөлімнің казармасы мен асханасы, қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері көрсетілді. Теңізшілер қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, мерекелік концерт қойды.