Ақтауда көлік жүргізушілері Приморский елді мекенінің басты көшесіндегі жарықтың жанбауына шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Автокөлік тізгіндегендер Приморский елді мекенінің жанындағы «Солдатский» жағажайына халық қазіргі уақытта демалуға баратынын айтады. Сондықтан бұл көшеде жарықтың болғаны маңызды.
- Көшенің жолы жөндеуден өткен. Бірақ жарық жоқ. Бюджеттің қаражатын алып, салғырттық танытып отырғандарға шара қолдану керек, - дейді жүргізуші.
Ал Ақтау қалалық әкімдігі Приморский елді мекенінен «Риксос» қонақүйіне дейін жалғасатын жолдың жарығы неге қосылмағанын былай түсіндіреді.
- Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталмады. Құрылысты «Ақжол» компаниясы жасап жатыр. Құрылыс барысында ақау анықталғандықтан әкімдіктің балансына қабылданбады. Сол себепті Приморский елді мекенінің басты көшесіндегі жарық қосылмады, - деді әкімдікте.