Ақтау қаласы «Сапсан» оқу-дамыту орталығының бүлдіршіндері Маңғыстау облысы полиция департаментіне барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесіне орай және «Балалар жылы» аясында өтті.
Полицейлер қонақтарды жылы қарсы алып, балаларға жазғы демалыстың көңілді өтуіне тілек білдірді. Экскурсия жасөспірімдерді полиция тарихымен таныстыру, тәртіп сақшыларының өнегелі жолын есте қалдыру, патриоттық рухтағы сезімді ұялату мақсатында департаменттің мұражайынан басталды.
Айта кетейік, Маңғыстау полицейлері мұражайы - экспозициялар мен көрмелер, қорлар мен түрлі зерттеулер топтастырылған мәдениет ошағы. Балалар жылдар бойы мұражай қабырғасында жинақталған полиция мұрасымен, экспонаттармен танысып, өз эмоцияларымен бөлісті. Араларында полиция қызметіне зор қызығушылық танытқан, ертеңгі елге қызмет ететін болашақ тәртіп сақшылары да аз болған жоқ.
Танымдық экскурсиясының келесі бағыты ведомвствоның Жедел басқару орталығында жалғасты. Күндіз-түні азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысып отырған қырағы сақшылар жеткіншектерге құқық бұзушылықтардың қалай анықталатынын, бейнебақылау камераларын көрсету арқылы түсіндіріп, орталықтың басты мақсатымен таныстырып өтті.
Өз кезегінде кішкентай меймандар бейнебақылау жүйесінің басқару пульттерін қолдану арқылы қала жолдарындағы қозғалысты бақылап, шаһарымызды кең ауқымда тамашалуға мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында тәрбиешілер мен балалар полиция департаментінің қызметкерлеріне шексіз алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.