Бұл күн 2018 жылы Түрікменстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген.
4 жылдан бері осы күні бүкіл әлем бойынша велошерулер мен экологиялық таза көлік түріне көшуге шақыру науқандары өтеді. Велосипед күні – адамдарды велосипедтпен жүрудің көптеген әлеуметтік артықшылықтары туралы хабардар ету мақсатында бекітілді. Велосипед айдағанда тыныс алу жүйесі жақсарып, ой мен сезімді ретке келтіруге ықпал етеді. Онымен жиі серуендеу көңіл-күйді, жалпы әл-ауқатты нығайтады.
Қазақстанда Түрікменстанның Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларындағы Елшілігі мен консулдығы бірнеше рет веложарыс ұйымдастырып, оған барлық тілек білдірушілер қатысты. Бұл қалаларда жаппай велошеру өткізу дәстүрге айналып келеді.
Биыл елордада Дүниежүзілік велосипед күні қарсаңында 30 шақырымдық веложарыс өткізілді, 80-нен астам адам қатысты. Бұл іс-шараға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығы бастамашы болды. Мұндай көпшілік спорттық іс-шаралар адамдарды біріктіреді, достастырады.
Дүниежүзілік велосипед күні – бейбітшілік пен ынтымақ, тән саулығы мен жан саулығы сияқты мәңгілік құндылықтардың маңызын көрсететін халықаралық мереке.