Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығында пікірсайыстан ауыспалы кубок турнирі өтті. Турнирге кәсіптік-техникалық оқу орнынан келген 12 фракция қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушыларға жалпы сегіз тақырып берілді. Алдымен пікірсайысшылар іріктеу кезеңінде үш тақырыпты талқыға салды. Нәтижесінде, сөзден жүйрік шыққан 8 команда жартылай финалға жолдама алды.
Қатысушылар жартылай финалда өзекті екі тақырып бойынша пікірталасты. Ұтымды ой айтып, нақты дәлел келтірген "Демеу" фракциясы мен "Тас түйін" фракциясы финалға шықты.
Ал 3-орынға "Ашық ой" фракциясы мен "Жігер" фракциясы таласты.
Финалда "Адамзат тарихындағы ең ұлы империя" тақырыбы берілді. Екі команданың да аргументі, ізденісі мен дәлелі, сөз саптауы көрермен көңілін қуантты.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша төрешілерден жоғары ұпай алған Есенов колледжінен келген "Демеу" фракциясы Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының ауыспалы кубогын иеленді. 2-орын Маңғыстау гуманитарлық колледжінің "Тас түйін" фракциясына берілсе, 3-орынды Ақтау шетел тілдері колледжінен "Ашық ой" командасы қанжығаға байлады. Ал "Үздік талпыныс" номинациясын Ақтау қалалық технологиялық қызмет көрсету колледжінен келген "Жігер" командасы алды.
Сонымен қатар "Үздік спикер" номинациясымен Моншақ Давлетмырадова, "Үздік төреші" номинациясымен Альбина Изжанова марапатталды, арнайы кубок табысталды.
Шара соңында барлық қатысушыға алғыс хат берілді.
Айта кетейік, пікірсайыстың мақсаты - студенттердің қызығушылығын арттыру, жас буын пікірсайысшылар легін қалыптастыру.
"Қатысушылардың 80%-ы пікірсайысқа алғаш қатысып тұр. Соған қарамастан нәтижелі ойын көрсетті. Алдағы уақытта тәлімгерлік жұмыс істеу арқылы деңгейді көтеруіміз керек. Ал келесі турнирді қыркүйекте ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ қатысушылардың қызығушылығы мен белсенділігі - өте жоғары. Сондықтан турнир жоспарланған мерзімнен ерте өткізілуі мүмкін", - деді төреші Данияр Амангелдиев.