Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа мониторинг жүргізу барысында экологтар «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті маңында өлі итбалықтардың 50-ге жуық ұшасы табылғаны туралы ақпаратты анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Оқиға орнына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жедел аттанды.
Жауапты мемлекеттік органдар арасында 2021-2022 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, су жануарларының жаппай қырылу және қауіп-қатерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылуда. Осы мақсатта облыстық құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына, прокуратура, ветеринария, жергілікті атқарушы органға, экология және төтенше жағдайлар департаментіне жедел хабарланды.
26 сәуір сағат 23:00-де келіп түскен ақпаратқа сәйкес, теңіз жағалауының әрбір жерінде жатқан 22 өлі итбалық табылды. Жануарлардың өлу себебін анықтау үшін жануарлардың ұшаларын зертханалық тексеруге алу мүмкіндігін инспекция қызметкерлері қарастыруда, өйткені олардың денелері ыдырап жатыр.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық Балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерге бақылау жасауда. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балық қорғау инспекторлары бірнеше итбалықты, теңіз суы мен топырақтан сынама алды.
Олар Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылатын болады. Осы жылдың 27 сәуірінде аталған органдар қызметкерлері оқиға орнына баруды жоспарлап отыр. Айта кету керек, бұл шараға Маңғыстау облысы әкімдігінің Балық шаруашылығы басқармасының өкілдері де араласады.
Сонымен қатар, аталған факті туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлеріне, сондай-ақ «Гидробиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлеріне хабардар етілді.
Жағалауды бақылау жұмыстары жалғасуда. Жаңа ақпараттар қосымша жарияланатын болады.