Жиында бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға ұсыныстар тыңдалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
26 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерімен жиын өтті.
Облыс әкімі мемлекет басшысы айтқан саяси реформалар бағдарламасының негізгі тұстарына тоқталып, жаңа мемлекеттік жүйені құру жайына баса назар аударды.
– Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар бағдарламасының барлық маңызды тұстары жаңа мемлекеттік жүйені құруға бағытталған. Сондықтан оны жүзеге асыруға бәріміз бірге атсалысып, белсенді түрде үлес қосуымыз керек. Президент өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында үлкен міндеттер тұрғанын айтқан болатын. Баршамыз бірлік пен келісімді сақтай отырып, уақыт сынына төтеп беріп, жаңа белестерді бағындыра алатынымызға сенімдімін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын соңында аймақ басшысы жиналған қауымды келе жатқан 1 мамыр мерекесімен құттықтады.
– Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын деймін! Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері - ұлттық және діни көзқарасына қарамастан, барша қазақстандықтардың мызғымас достығының жемісі. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, амандық, табыс пен бақ-береке тілеймін, – деді облыс әкімі.