Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Кендірлі ауылының тұрғыны Бақытжан Сәттіғұл цех ашып, сабын шығару кәсібімен айналысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда цех күніне 500 литр сұйық сабын мен 1000-1500 дана сабын шығарады. Цехтан өндірілетін бұл сабындарды «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Өзенинвест» МКК, «КенҚұрылысСервис» ЖШС жұмысшылары тұрақты пайдаланып отыр.
«РТИ Өндіріс» жеке шаруашылық серіктестігін құрып, заң талаптарына сәйкес «Тауарлардың шыққан елін айқындау және тауарлардың шығуы туралы» арнайы сертификатына қол жеткізген кәсіпкер жергілікті халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуде. Бұл үшін ол Түркістан облысынан арнайы құрылғыларды сатып алып, қоспаларға пайдаланатын майды ет базарынан алады.
Кәсіпкердің айтуынша, өнімнің сапасы мен көлемін арттырып, жаңаөзендіктердің сұранысын толықтай қамтамасыз ету жоспары бар.