Жамбыл облысында борышын өтеп жүрген ақтаулық сарбаз қайтыс болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Марқұм Әлібек Қалбайдың анасының айтуынша, баласы өмірге құштар, алған қойған көп мақсаты болған. Ол ұлының соққыдан көз жұмғанын айтады.
Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімінде қызмет еткен сарбаз Әлібек Қалбайдың анасы мұқият тексеруді талап етеді.
- Менің балам жеті күн бойы таяқ жеген. Біз қазір Қордай ауданы Отар ауылындағы мәйітхананың жанында тұрмыз. Болған оқиға туралы барлығы білген. Әскери бөлімде болдық, олар бізге ештеңе айтпайды. Мен жылап тұрған екі сарбазды көрдім, бірдеңе білетін шығар, бірақ үндемейді. Әлібектің әскерге кеткенініне он күн болып еді, дені сау, әдемі, алған қойған зор жоспарлары бар еді, енді ол ешқашан орындалмайды. Мен барлық дәлелдерді, медициналық тексеруді және барлық құжаттарды жинап, соңына дейін барамын. Ұлымның өліміне кінәлілер жазаланады, - деді Әлібек Қалбайдың анасы.
Бұл қайғылы жағдайға қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.
— 2022 жылдың 22 сәуірінде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Қалбай Әлібек Саламатұлы қайтыс болды. Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі қайтыс болған. Жас жігіт биыл көктемде Маңғыстау облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылды. Сарбаздың өліміне қатысты тексеру жұмыстары басталды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы Қалбай Әлібек Саламатұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген мәлімдемеде.