Осы жылдың наурыз және сәуір айларында Маңғыстау облысының әкімі 25 елді мекенде 25 кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
22 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының төменгі шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті.
Халыққа есеп беру кездесу барысында қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы жоспарлар туралы айтып берді. Нұрлан Ноғаев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту, шағынаудандарды абаттандыру және көшелерді жарықтандыру, балалар алаңын, балабақшалар мен мектептер салу, бұралқы иттерді жою және т. б. салаларда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарын тыңдады.
- Маңғыстау облысының әлеуеті өте жоғары, оны тиімді пайдалана білуіміз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды үздіксіз жалғастырамыз. Міндетіміз-қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын құру, заматтық қоғамды дамыту арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Ең бастысы-қоғамдық келісім мен тұрақтылық. Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында ғана айтарлықтай табысқа қол жеткізе аламыз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі таңда Ақтау қаласындағы 265 балалар алаңының 55-і жөндеуді қажет етеді. 2021 жылы 69 балалар алаңының жөндеу жұмысы аяқталды. Биыл 10 балалар және 10 спорт алаңын орнату жоспарлануда.
Лифт шаруашылығына келетін болсақ, қалалық коммуналдық меншіктегі 128 лифт ауыстыруды қажет етеді. 2021 жылы 15 лифт жаңартылды, биыл тағы 15 лифт ауыстырылады деп жоспарлануда.
Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық дәретханалардың болмауы. Оны шешу үшін 2021 жылы қоғамдық дәретханалармен жабдықталған 8 аялдама салынды, биыл тағы да іске қосу жоспарлануда. Бұл жоба қаладағы қоғамдық дәретханалар мәселесін шешуге көмектеседі.
Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі Ақтау қаласының азаматтарын жеке қабылдады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы" Жарлығына сәйкес ауыл, аудан, қала әкімдері тұрғындармен тоқсан сайын кездеседі. Ал облыс әкімдері жылына екі рет.
Ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айларында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстың шалғай елді мекендері мен қалаларында халықпен 25 кездесу өткізіп, жеке мәселелері бойынша 1000-нан астам тұрғынды қабылдады.