Маңғыстауда Маңғыстау облысының аналар кеңесімен бірлесіп «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумда қолөнер бұйымдарының көрмесі болды. Әкімдіктің мәліметі брйынша, кәсіпкер әйелдердің саны күн сайын артып келеді. Нәтижесінде өңірдегі шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 53% -ға дейін өсті.
Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы қоғамның дамуына үлес қосып жатқан барлық азаматтарға сәттілік тілеп, алғыс айтты.
- Әйелдер қоғамда ерекше орын алады. Осы орайда, еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Ұрпақ тәрбиелеумен қатар, қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп келесіздер. Бұл үлкен күшті талап етеді. Мемлекет басшысы әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетуде және біз де әрқашан қолдауға дайынбыз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Форум соңында бірлестік филиалы мен Аналар кеңесі гуманитарлық, әлеуметтік жобаларды іске асыру және бірлескен қайырымдылық акциялары мен іс-шараларын өткізу жөнінде Меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, өндірістің түрлі саласында жұмыс істейтін әйелдер арасындағы конкурстың қорытындысы шығарылды. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.