Ақтау қаласының әкімдігі қаланың қоғамдық кеңес мүшелері, белсенділер және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жағалаудағы заңсыз кәсіпкерлік нысандарды бұзу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заңсыз кәсіпкерлікпен күрес барысында 14-шағынауданның жағалауындағы ойын автоматтары, велосипедтер мен автокөліктер тәркіленді. Бұған дейін қала әкімдігі бірнеше рет жазбаша ескерту берген, бұдан бөлек, тұрғындардан заңсыз павильондарды бұзу қажеттігі туралы әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар түскен. Осыған қарамастан, заңды бұзып, кәсіпкерлер жұмысын жалғастыра берді. Қазіргі уақытта заң аясында мүлікті бұзу және тәркілеу жұмыстары басталып кетті.
- Барлық тәркіленген құрал-жабдықтар уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Кәсіпкерлер айыппұл төлеп, мүлікке құқық беретін құжаттарды көрсету арқылы алып кете алады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Әнуар Туляков.
Тұрғындар теңіз жағасындағы кәсіпкерлік қызметтің сапасына да көңілдері толмайтынын жеткізді. Адамдардың көпшілігі қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды.
– Осыдан бірнеше ай бұрын Ақтауға қонаққа келдік. Күнде кешке балалармен бірге жағалауға серуендеуге шығамыз. Бірақ тыныш серуендеу мүмкін емес. Бұл жер базарға айналып барады. Балаларды велосипед қағып кете ме деп алаңдаймыз. Бүгінде оларды жоюға кіріскенін көріп отырмыз. Шынымды айтсам, біз өте қуаныштымыз. Тұрғындардың арыз-шағымдарына жауап берген қала басшылығы мен полицияға өз атымнан алғыс айтамын, – дейді қала қонағы Бауыржан.
Сонымен қатар, "АЭжБУ" МКК қызметкерлері заңсыз тартылған кабельдерді ажыратып тастады.