Маңғыстау облысында 1 сәуірден бастап 2022-2023 оқу жылына 1-сыныпқа өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, құжаттар ата-ана немесе өзге де заңды өкілдерінен қабылдайды. 1 сәуірінен бастап 1 тамызына дейін жалғасады. Жаңа оқу жылында 20 мыңға жуық оқушы қабылданады деп жоспарланды. Оның 6 мыңнан астамы Ақтау қаласының мектептеріне қабылданады. Былтыр оқу жылында 19 147 бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Бүгінгі күнге ата-аналардан 700-ге жуық өтініш келіп түсті.
-1-сыныпқа 6 жастан бастап балалар ата-анасының немесе білім алушылардың заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерімізге мектептер есіктерін айқара ашатын болады. Бұл тәжірибе елімізде екі жылдан бері қолданылып келеді. Ата-аналар үшін осы уақыт аралығында тапсыру ерекше болып отыр. Себебі, ата-ана алдын-ала мектепті белгілеп, egov.kz веb порталы арқылы өз өтініштерін тапсыра алады,-деді Клара Құлатаева.
Өткен жылы ата-аналардың 90%-ы электрондық портал арқылы өтініш берген.
Қажетті құжаттар тізімі:
• баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
• 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық паспорты;
• 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы);
• 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.
Өтінішті «Халыққа қызмет көрсету» орталықтарында, мектептерде орналасқан өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тапсыруға болады.
Балаларды гимназиялар мен лицейлердің бірінші сыныбына қабылдау үшін білім беру ұйымдары күнтізбелік жылғы 15 маусымға дейін дербес белгілейтін емтихандар өткізеді. Емтихан мерзімдерін, нысандары мен тапсырмаларын гимназия, лицей мекемелері дербес анықтап, белгілейді.
Сондықтан бұл білім беру ұйымдарына оқушылар емтихан тапсырып болғаннан кейін 16 маусымнан бастап 1 тамызға дейін өтініш тапсыра алады.
Қосымша ақпараттарды білім басқармасының әлеуметтік желілердегі(фейсбук, инстаграмм) ресми парақшаларында жауапты мамандар беретін болады.