Ақтауда дүниежүзілік құстар күніне орай «Құс қанатындағы арман» облыстық байқауы өтті. Оған облыстың білім беру ұйымдарындағы экология үйірмесінің тәрбиеленушілері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Қатысушылар байқау ережесіне сәйкес, «Қанатты жерлес», «Жылы ұя», «Құстар қанат қағады» номинациясы бойынша өлкемізде мекен ететін сан алуан құстардың суретін бейнеледі. Сондай-ақ кез келген ауа-райына жарамды ағаш материалдарынан ұя жасап, «Қызыл кітапқа» енген жойылу қаупі бар Маңғыстау жеріндегі құстар жайында ғылыми жобалар ұсынды.
Табиғат жанашырлары өлкемізде мекендейтін бүркіт пен ителгіні қолға үйрету әдістерін олардың тіршілік ету ареалын зерттеп, арнайы мамандармен құсбегілермен сұхбат жүргізіп, тың мәліметтермен білімін арттырды. Сонымен қатар, қатысушылар әлеуметтік желілерде экологиялық контентті күшейту, «Қарақия-Қаракөл» көлінде құстарға арналған бақылау алаңдарын орнату, білім беру ұйымдары жанынан «Табиғаттың жас достары» клубын құру және олардың санын арттыру секілді ұсынысын айты.
Байқау қорытындысы бойынша «Қанатты жерлес» сурет номинациясында І-орын Мұнайлы ауданындағы №1 мектептің 7-сынып оқушысы Назерке Байдуллаға бұйырды. Ал «Жылы ұя» номинациясында І-орынды Жаңаөзен қаласынан келген №8 мектептің 8-сынып оқушылары Ербол Демекхан мен Мадияр Өтеген алды. «Құстар қанат қағады» ғылыми жоба номинациясында І-орын Маңғыстау ауданындағы Тұщыбек мектебінің 9-сынып оқушылары Ержан Сахарбай мен Ғибрат Айдарбаевқа бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – оқушылардың құстар әлемінің алуан түрлілігі мен табиғатта тіршілік ету жағдайлары туралы түсініктерін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу.