Мұнайлы ауданындағы №7 мектепте облыстық «Маңғыстау самалы» бард әндерінің байқауы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа 12-17 жас аралығындағы 40 оқушы қатысты. Бағдарламаға сәйкес, «Үздік ансамбль» номинациясында қатысушылар гитара, домбыра, баян, барабан, асатаяқ және басқа да аспаптардың сүйемелдеуімен көпшілікке танымал шығармаларды орындады.
Атап айтқанда, Мұнайлы ауданындағы №9 жалпы білім беретін мектебінің «Айрақты» тобы белгілі бард әншісі Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнін түрлі аспаптарда ойнау шеберлігімен ерекшеленсе, Ақтау қаласындағы №23 жалпы білім беретін мектебінің «Шабыт жыр» тобы Мұқағали Мақатаевтың «Күн қайда асығады?» әнін әсерлі шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Ақындық және сазгерлік қабілетін танытуда «Жас талант» номинациясының қатысушылары бард жанрына арналған шығармаларды орындап, өнерлерін паш етті. Ақтаудағы «Оқушы» орталығы «Гитара» үйірмесінің мүшесі А.Қасымғали «Уақыт» және Бейнеу ауданындағы Боранқұл мектебінің 9-сынып оқушысы Б.Төлеген «Қазақтың қарапайым баласымын» атты авторлық әндерін тыңдаушыға жеткізе білуі жағынан жоғары бағаланды.
«Жас сазгер» номинациясы бойынша қазақ ақындарының өлеңдеріне әуезді әуен жазуда Жаңаөзен қаласындағы №24 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Д.Данияр ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» және Маңғыстау ауданындағы Т.Жалғасбайұлы атындағы Шайыр жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Н.Есқуатов Махамбет Өтемісұлының «Ұл туса» өлеңдерінің әсем сазымен қошеметке бөленді.
Қазылар алқасы қатысушылардың еңбектерін бағалап, төмендегідей марапаттарға ұсынды:
«Үздік ансамбль» номинациясы бойынша
I орынды Мұнайлы ауданындағы №9 мектептің 8-11 сынып оқушыларынан құралған «Айрақты» тобы алды. II орын Ақтау қаласы, №23 мектептің 9-11 сынып оқушыларынан құралған «Шабыт жыр» тобы және Маңғыстау ауданы, Жармыш жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушыларының «Жігіттер» тобына бұйырды. Ал III орынды – Ақтау қаласы, «Оқушы» орталығының «Гитара» үйірмесінің қатысушыларынан құралған «NUR Band» және Түпқараған ауданы, М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясының 7-9 сынып оқушыларының «Жастар» тобы иеленді.
«Жас талант» номинациясы бойынша I орынды Ақтаудағы «Оқушы» орталығы «Гитара» үйірмесінің қатысушысы Қасымғали Айымгүл алды. II орын Бейнеу ауданы, Боранқұл жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Төлеген Бекзат пен Маңғыстау ауданы, Е.Айшуақұлы атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Жолды Әділетке бұйырды. III орынды Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Райыс Бауыржан алды.
«Жас сазгер» номинациясы бойынша I орынды Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Дүйжан Данияр иеленді. II орынды Маңғыстау ауданы, Т.Жалғасбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Есқуатов Нұрдәулет алды. III орын Бейнеу ауданы, Боранқұл мектебінің 9-сынып оқушысы Жұлдыз Мұхтарқызына бұйырды.