Амал және Наурыз мерекелеріне орай «Mangystau Nauryz Fest – 2022» жастар фестивалі аясында Садақ атудан облыстық ашық турнир өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның негізгі мақсаты - ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық рухқа тәрбиелеу.
Турнирге Ақтау, Жаңаөзен қаласы және Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандарынан келген 50-ге жуық мерген қатысып, бақ сынады.
Турнир жасөспірімдер, қыздар және ерлер арасында ұйымдастырылды. Сондай-ақ мергендер үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезең "Олимп нысанасы" деп аталды, әр кезеңге 5 оқ пен 2 мүмкіндік берілді. Ал екінші кезеңде қатысушылар "Пұт нысанасы" бойынша бақ сынады. Соңғы үшінші кезең - "Жамбы нысанасы", мұнда мергендер 10-20 метр қашықтықта садақ атып, нысанаға дәл тигізуі керек.
Құралайды көзге атқан мергендердің тартысты бәсекесінде жасөспірім арасында 1-орынды Бейбарыс Бақытбай алса, 2-орын Исмаил Шәкірге бұйырды, 3-орынды Әсия Шәкір еншіледі.
Ерлер арасында 1-орынды Ораз Айбек, 2-орынды Айдар Әділгерей, 3-орынды Жарас Тілепбай алды.
Қыздар арасында өткен жарыста 1-орынды Мөлдір Сәуірбай қанжығасына байлады. Ал 2-орын Нұр Нарқызға бұйырды, 3-орынды Мадина Мұрадова қанжығаға байлады.
Айта кетейік, турнирдің ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Маңғыстау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Боранқұлов келіп, жастарға сәттілік тіледі.