Ақтаудағы IT мектеп лицейі жыл басынан «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба мақсаты – мектепішілік тәртіпті, сабаққа қатынасты және білім сапасын арттырып, сыныптар арасында бәсекелестік қалыптастыру үшшін өзара жарыстыру, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаға 5-10 сынып арасындағы оқушылар қатысады. Сыныптарды бағалау мақсатында арнайы журнал жасақталып, әр сынып жетекшісі журналды айналымға енгізген. Ережеге сейкес сыныптағы оқушылардың күнделікті сабаққа дайындығы, уақытылы келуі, мектеп ережесіне сәйкес киім үлгісін сақтауы бағаланып отырады. Әр екі апта сайын арнайы комиссия сыныптардың жұмысын бағалап, ұпайларын есептейді.
- Ұпай қорытындысы бойынша сыныптар арасында рейтинг жасақталады. Рейтинг бойынша жоғарғы ұпай алған сыныпқа арнайы жүрмелі кубок табысталып, ынталандыру мақсатында әр түрлі ойын-сауық орталықтарына жолдама беріледі. Нақтылағанда ойын-сауық орталықтарындағы боулинг, антикафе, пиццерия, кинотеатр, табиғатқа саяхат, пейнтболға баруға болады, - деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі жоба жетекшісі Ғани Құрманғалиев.
Сонымен қатар, жоба жетекшісінің айтуынша мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы толықтай сәтті шығып, жемісін бергеннен кейін арнайы ашық есік күнін ұйымдастырып, басқа мектептерде де осы жобаны жалғастыруға ұсыныс берілмек.
- Бұдан бөлек білім ошағында «Мамандықтың бәрі жақсы» атты тағы бір жоба іске аспақ. Мұнда 9-10-11 сынып оқушылары қалада орналасқан ірі кәсіпорындарға барып, жұмыс барысымен танысады. Бұл оқушыларға кәсіби бағдар алуға зор мүмкіндік. Қазіргі таңда оқушының басты проблемасы ол мамандық таңдау. Сол себепті бұл жоба оқушыға мамандық тандауға жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырылып жатыр, - деп толықтырды Ғани Құрманғалиев.