Бүгін Ақтауда ауған соғысы құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл қою рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов және облыстағы ауған соғысының ардагерлері қатысты.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов алғашқы сөз сөйлеп, соғысқа қатысқан ардагерлердің еңбегін, жан қиярлық ерлігін атап өтті. Сонымен қатар ол көзі тірі ауған соғысы ардагерлерін құрметтеу қажет екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ шара барысында Маңғыстау облысының Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Байрам Мамедовке Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары, ҚР Қарулы күштерінің бас штаб бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайыновтың алғыс хаты табысталды. Оған қоса ардагер, полковник Сұлтан Тукпанбетовке Маңғыстау облысы Қорғаныс істері департаменті атынан алғыс хат берілді.
«Құрметті ардагерлер, біз үшін ерекше күн. Ауғанстан жерінен әскерлердің шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деді Маңғыстау облысының Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Байрам Мамедов.
Ауған соғысына қатысқан ардагердің бірі – Толыбай Әбдіхалықұлы. Ол 1988 жылы офицер болып қызмет атқарған. Оған қоса барлау жұмыстарын жүргізген.
«Бүгінгі күн – ерекше күн. Бір жағынан ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді еске алу күні. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай жас ұрпақ түрлі шара өткізіп, елеп ескеріп жатыр. Бастысы – еліміз аман болсын!» - деді Толыбай Әбдіхалықұлы.
Ауған соғысы ардагері Матжан Шаулиевтің айтуынша, Маңғыстау облысынан 444 адам ауған соғысына аттанған. 8 адам соғыста жан тапсырған. Қазіргі таңда сырт елден оралған қандастарды қосқанда облыста 650-ге жуық ардагер қалған. Ал Ақтау қаласында 245 ауған соғысының ардагері бар.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН