Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 17 түрі бойынша 7 мың тонна өнім қоры жасақталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлімдеуінше, 2021-2022 жылдарға азық-түлік қорын жасақтау үшін жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
«Президент тапсырмасына орай жеке инвесторлар есебінен Ақтау қаласының 36 шағынауданында коммуналдық базары мен көтерме тарату орталығы жобаларының жұмысы басталды. Аталған екі жобаны 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр», - деді аймақ басшысы.
Облысқа азық-түлік тауарларының 85%-ы елдің басқа өңірлерінен және шетелден тасымалданады. Сол себепті де маусымаралық кезеңде бағаның күрт өсіп кету қаупі наурыз-мамыр айларында байқалуы мүмкін.
«Азық-түлік тауарларының 13 түрін «айналым қаражаты» механизмі арқылы сатып алуға тура келеді. Яғни, 34 мың тонна көлемінде азық-түлік сатып алуға 11,7 млрд теңгеге қажеттілік туындап отыр. Бұл өз кезегінде тауарлардың бағасын төмендетуге және оның 3 айлық қорын қалыптастыру арқылы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді», - дейбі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.