Облыс әкімдігінің телеграмм каналына Мұнайлы ауданының тұрғыны Құйрық ата маңындағы қоқыс полигонында жылдар бойы қоқыстың тау болып үйіліп жатқанын, әрі оның бүкіл аудан экологиясына зиянды әсер етуімен қатар тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндіретінін айтып Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровтың атына сауал жолдаған болатын.
Тұрғындардың шағымына жауаптылар дер кезінде жауап беріп, аталған мәселенің шешілу барысы туралы хабардар етті,- деп хабарлайды Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығы.
Жауаптылардың мәліметінше, қоқыс полигонын тазалау және көму жұмыстары басталды. Аудан әкімі Рахат Елтизаров жұмысты толық аяқтауды, әрі алдағы уақытта қатаң бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, көмілген полигонның өзін қайта ашып, санитарлық тазалау жүргізілген жерлерге қайта қоқыс тастап жатқан өзге емес, аудан тұрғындары екен. Қазір Құйрық ата маңындағы полигонға патрульдік күзет және бақылау тағайындалды. Заңсыз, белгіленбеген орынға қоқыс тастаған азаматтар әкімшілік кодекске сай жауапқа тартылады, дейді аудан әкімі.