Ақтауда биыл 3500 көшет отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның алғашқы 300-ге жуығы отырғызылды. Олар, қылқанжапырақ, айлант және ясин талдары.
Көгалдандыру үшін бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес
арнайы кәсіби мамандар қаңтар айында жұмыс жоспарын жасақтап, қала климатына қолайлы өсімдіктерді таңдаған.
Қылқанжапырақ, айлант және ясин талдарының көшеттері Ақтаудағы эсперименттік ботаникалық бағында оңтайланып, топырақ араласқан тамырымен бірге отырғызылуда.
— Маңғыстауда жылдың басым бөлігінде ауа температурасы +10°C жоғары. Ал, ақпан айына болжам бойынша ауа райы күндіз +5- +12°C аралығын көрсетуде. Бұл мезгіл егіліп жатқан қылқанжапырақты өсімдіктер үшін қолайлы, сонымен қатар олар суықта еккенді қалайды. Олар ботаникалық бақта оңтайланып, топырағымен бірге егіліп жатқандықтан дамып кету ықтималдығы да жоғары, дейді Маңғыстау эсперименттік ботаникалық бағының директоры Ақжүніс Иманбаева.
Егілген көшеттерді суару, күтіп-ұстау жұмыстарымен «Ақбота» МКК айналысады.