Ақтауда үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесі өртке оранды. Оқиға 8 шағынаудан 19 үйде сағат 12:07 шамасында болған. Өрт салдарынан 3 мысық өлді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ал бір мысық қауіпсіз жерге шығарылды. Жалын 69 шаршы метр пәтердің 20 шаршы метрін жалмаған. Өрттің шығу себебі анықталуда.
«Төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері мен 4 бірлік техника, үш қызметкер мен 1 бірлік техника Апаттар медицина орталығынан, төрт қызметкер мен екі бірлік техника облыстық полиция департаментінен жұмылдырылды», - деді Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, аға лейтенант Қайсар Нұрманов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА