Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясында 132 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1 дәрігер, 1 аға фельдшер, 70 фельдшер, 48 жүргізуші бар. Тұрғындарға барлығы 11 бригада қызмет көрсетеді. Жұмыс ауысым бойынша 24 сағатқа жалғасады.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне келген қоңыраулар телефонға емес, жұмыс планшетіне түседі. Шақыртуды алғаннан кейін мекен-жайға жеткендігі аралық пен өзге де ақпараттар осы құрылғыда көрсетіліп тұрады. Жаңаөзендегі жедел жәрдем бөлімі жаңа көліктермен қамтылып, заманауи құралдармен жабдықталған.
- Бүгінде жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Орталыққа күніне 90-ға жуық қоңырау түседі. Бір бригада бір күнде 8-ден астам шақыртуға барады. Әрбір маман өзінің ісіне жауапкершілікпен қарайды. Себебі, адам өмірін сақтап қалу осы жандардың қолында, - деді Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі Сара Орынбаева.
Мамандар бірінші санаттағы шақыртуға 10 минутта, екінші санатқа 15 минутта, үшіншісі санатта 30 минутқа дейінгі аралықта жетулері тиіс. Ал, төртінші санаттағы шақыртуға 1 сағаттың ішінде баруы тиіс.