Жаңаөзен қаласындағы мектептерді сенімгерлік басқаруға беру ұсынысы жайында қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, сенімгерлік басқаруға беру – жекешелендіру емес. Мектептер мемлекет меншігінде қалады. Тек, белгілі бір мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы сенімгерлік басқаруға бергенде, жекеше әріптестің алдына бірнеше талап қойылады.
- Білім беру сапасын мұғалімдердің квалификациясын жоғарылату арқылы арттыру; күрделі және жеңіл жөндеу жұмыстарын талап ететін ғимараттарға қысқа мерзімде жөндеу жұмыстарын жүргізу; білім беру саласындағы заманауи технологияларды пайдаланып қазіргі заман талаптарына сәйкес келетін білім беру,-деді Светлана Төлебаева.
Спикердің мәліметінше, Жаңаөзен қаласындағы мектептердің әлеуетін арттыру мақсатында инвестор бірқатар тиімді шараларды ұсынады.
- Өз қаражатына мектеп ғимаратына толық жөндеу және жаңарту жұмыстарын жүргізеді; өз қаражатына мектептің материалдық техникалық базасын қазіргі талаптарға сай нығайту шараларын іске асырады (техникасы, лабораториялары және т.б); ұстаздардың біліктілігін арттыру және кәсіби шеберлігін шыңдау бағдарламасы іске асады; оқушылардың денсаулығын нығайту және өмір дағдыларын қалыптастыру бағдарламасы іске асады; мектеп, оқушы және ата-ана арасындағы тиімді қарым-қатынасты дамыту тетіктері енгізіледі; мектептердегі бар ұстаздар ұжымын қолдау және жан-жақты жетілдіру жұмыстары жүреді (ұстаздар ұжымы қысқармайды, мектеп басшылары мен мұғалімдер жұмысын жалғастырады); басқаруға алынған мектептер жеке меншікке өтпейді, басқару мерзімі аяқталғаннан кейін қалалық білім бөлімінің қарауына қайтарылады, - деді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева.
Ал, басқару шартына тоқталсақ, жобаны іске асыру үшін инвестор облыс әкімдігімен мемлекеттік жеке әріптестік шартына қол қояды. Шарт ашық байқау (конкурс) негізінде жасақталады (ГЧП туралы заң аясында).
Шарт аясында инвестор мектеп әлеуетін және білім сапасын арттыру бағытындағы міндеттемелерді қабылдайды. Ол міндеттемелердің орындалу сапасын бағалау көрсеткіштері бекітіледі.
Қаржыландыру бойынша, мектептерді басқаруға алған мекеме республикалық қаржы орталығымен шартқа отырып, жан басына шағып қаржыландыру негізінде оқу барысын қамтамасыз етуге қажетті қаржы алады. Инвестордың жобаны іске асыруға жұмсаған шығынын мемлекет басқару ақысы ретінде мектептерді басқару мерзімі аясында бөліп өтейді