Маңғыстауда мұнай компаниялары өз аймағында орналасқан қалдықтарды жоюды және ластанған жерді қалпына келтіруді баяулатып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов айтты. Айтуынша, жаңа экологиялық заң аясында мұнай компаниялары мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаны қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандум орнатқан. Соның негізінде 2020 – 2024 жылдар аралығында мұнай компаниялары жалпы көлемі 2,5 млн. шаршы метр жердегі қалдықты жоюуға және ластанған жерлерді қалыпына келтіруге міндеттілді.
«Атап айтқанда «ӨзенМұнайГаз» – 1, 365 млн, «ҚаражанбасМұнайГаз» – 342,5 мың және «МаңғыстауМұнайГаз» – 880 мың жерді тазалауы керек. Нәтижесінде, 2021 жылы «ӨзенМұнайГаз» – 310 929 м3, «ҚаражанбасМұнайГаз» – 17 002 м3 және «МаңғыстауМұнайГаз» – 350 615 м3 қалдықты тазалаған», – деді Руслан Төкенов.
Десе де жұмыс өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Осы ретте Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов бірнеше мәселені тілге тиек етті.
«Былтыр белгісіз себептермен сатып алу жұмыстары кеш өткізілді, салдарынан жұмыстар тиісті дәрежеде әлі басталмай отыр. Жұмыстардың келісілген мерзімде аяқталмау қауіпі бар, әсіресе «Өзен Мұнай Газ», өйткені қалдықтардың басым бөлігі осы мекемеге тиесілі. Сонымен қатар «Өзен Мұнай Газ» 1 млн. м3 өңделген өнімді қайта пайдаланбай отыр. Ал «Қаражанбас Мұнай Газ» мұнай қалдықтарына толы 2 жер үсті қоймаларды тазалау бойынша әлі күнге дейін нақты шешім қабылдамаған», - деді ол.
Сондай-ақ Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов аталған компания басшыларына мәселелерге ерекше назар аудару керек екенін жеткізді. Себебі Меморандум міндеттемелерін уақытылы орындамау әкімшілік жауапкершілік мәселесін, сот дауларын туғызуға себеп болуы мүмкін.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА