Жаңаөзен қаласы жанындағы құрамында мұнайы бар Альбсеноман бұрынғы техникалық су қоймасы, МУ-3 және МДАЦ қоймасын тазалау жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, аталған қалдықтарды тазалау жұмыстары 2017 жылы «ЭкоОриентир» ЖШС мекемесіне берілген. Сол жылдан бері 339,0 мың тонна қалдық тазаланды. Былтыр соның 76,9 мың тоннасы тазартылған болатын.
«Қазіргі кезде, МУ-3 учаскесі толық тазаланып, қалпына келтірілді, МДАЦ 65% тазаланып, 50%-ы қалпына келді. Ал Альбсеноман бұрынғы техникалық су қоймасының 35%-ы тазаланды. Жұмыстар жоспар бойынша 2026 жылы бітеді және Департамент бақылауында болады», - деді Руслан Төкенов.
Еске сала кетейік, қалдықтар алаңының жалпы аумағы – 991,8 га. Бұл жер иесіз деп танылған соң республика меншігіне, яғни «Жасыл Даму» АҚ-на берілген.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА