Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының үдемелі индустриалды дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында Маңғыстау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исақов 2021 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтыр Маңғыстау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы 1187 жобаға барлығы 70,4 млрд. теңге көлемінде субсидияға қолдау көрсетті. Жүзеге асырылған жобалар саны 2020 жылмен салыстырғанда 210 пайызға өсіп отыр.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралының бірінші «Микронесиелендіру» бағыты бойынша 826 жобаға 6 млрд. 822 млн. теңге, екінші «Салалық қолдау» бағыты бойынша 361 жобаға 63 млрд. 648 млн. теңге жұмсалды. Қаражаттың ең үлкен үлесі көтерме және бөлекше саудаға, тасымалдау және сақтау мен өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі.
Сондай-ақ, үйлестіру кеңесіне жеке кәсіпкер Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында автокөлік жуу орталығын салу жобасын ұсынды. Жоба құны 20 млн. теңге. Нысан биыл іске қосылуы тиіс.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері ұсынылған жобаны мақұлдады. Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.