2021 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына тұрғындардан 725 өтініш пен шағым келіп түскен. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектубаев хабарлады.
Оның айтуынша, оның ішінде 500-ге жуығы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері бойынша болған.
-Сұрақтар сипаты бойынша бірінші орында – медициналық көмек көрсету сапасына көңілі толмау (17,6%); екінші орында –диагностикалық қызмет ала алмау (13,3%); үшінші орында – учаскелік қызметтің сапасыз қызмет көрсетуі (ЖПД, терапевт – дәрігер, педиатр - дәрігер) (12%); төртінші орында – стационарда медициналық көмек көрсету сапасының төмендігі (7,2%). Барлық шағымдар толық түсіндірмелермен мерзімінде қаралды. Барлық өтініштер бойынша шаралар қабылданып, жауаптар берілді,-деді Руслан Бектубаев.
Жалпы, 104 проактивті мониторинг жүргізіліп, қор филиалының сарапшыларымен 283 млн теңге сомасына 11 645 потенциалды ақау анықталды.
-2021 жылғы желтоқсан айының соңында облыс бойынша халықтың 84,2%-ы МӘМС жүйесіне тіркелген. Бұл 627 950 адам (республика бойынша – 80,06%). 117 794 адам (15,8%) сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Оларды сәйкестендіру және МӘМС жүйесіне тарту бойынша филиал жергілікті атқарушы органдармен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, медициналық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді. 2022 жылға бөлінген бюджет 56,2 млрд теңгені құрайды, оның ішінде ТМККК – 32,0 млрд теңге, МӘМС – 24,2 млрд теңге. Өткізілген конкурстық рәсімдердің нәтижелері бойынша 2022 жылға 53 медициналық ұйыммен шарт жасалды,-деді спикер.
Айта кетейік, 1 қантардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгереді.
-Жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ 18 мың теңгеден аспайды.
-Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%-ын, бірақ 12 мың тенгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады.
-Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналасатын адамдар - ЕТЖ-ның 14 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 200 теңге төлейді.
-Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) құрайды:
- қала тұрғындары үшін - 1 АЕК немесе 3 063 теңге;
- ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге төлейтін болады.
-Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 мың теңге төлейтін болады.
Сонымен қатар, 15 санаттағы азаматтар бұрынғыша жеңілдікті топқа жатады. Олар 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі), зейнетақы төлемдерін алушылар, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, көпбалалы аналар оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» және «Батыр ана» марапатына ие болғандар, жұмыссыз қалған қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар.