Ақтауда жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүрген көлік иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
26 шағынауданда «Қарлығаш» балабақшасына қарама-қарсы жердегі жаяу жүргіншілерге арналған аймақта көлік жүргізіп бара жатқан адам видеоға түсіп қалған.
Қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, Hyundai Tucson жүргізушісі анықталып, оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 1-бөлігі бойынша ("Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру") хаттама толтырылған. Бап бойынша 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Айта кетейік, тура осындай оқиға 13 шағынауданда №2 үйдің артында болған. Ол видеода да «Нива» автокөлігі жаяу жүргіншілер жолымен жүрген. Бұл жүргізушіге де жоғарыдағы бап бойынша хаттама толтырылған.