«Дукат» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылыту маусымының басталғалы суық үйде отыр, «ал құзыретті органдарға бірнеше рет жүгінгенмен еш нәтиже жоқ» деп шағымданады олар.
Жылудың жоқтығынан әбден тоңған тұрғындар Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға үндеу жолдады.
Біз үсіп қалдық! Жылыту маусымы басталғаннан бері жағдай күрделене түсуде. МАЭК пен КЖСА-ға бірнеше рет жағдайды айтқанымызбен жағдай жақсармады. Мәселе шешілмейді. Жылу тасымалдағыштың көлемі үш есе, яғни 22 текше метрден 7-ге дейін төмендеді, - делінген тұрғындар хатында.
Ал Ақтау қаласының әкімдігі «Дукат» тұрғын үй кешеніне «Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы» мен «КЖСА» мамандары 25 желтоқсанда жылу жүйесі мен жылу қондырғыларына тексеру жүргізгенін мәлімдеді.
«Тексеру нәтижесінде, айналымның төмендеуіне байланысты пәтерлерге жылу нашар берілетіні анықталды. Осыған байланысты үйдің жылу құбырына қосымша сорғы орнату ұсынылды. «КЖСА» тарапынан сорғыларды орнатуға рұқсат берілді. ЖЭК өз тарапынан жылу қондырғысына қажетті қаражатты қарастырып, орнатуға кірісті. Сондай-ақ, жұмыс тобына тұрғындар да қатысты, олар жұмыс тобының шешімімен келісті», - делінген әкімдіктің ресми жауабында.