Ақтау гарнизонындағы Қарулы Күштер құрылымдарының әскери қызметшілер арасында шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизоны баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыстың басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз етіп, спорттық даярлығын дамыту.
Спорттық додаға 6 команда, 80 әскери қызметші қатысты. Атап айтқанда, әскери теңіз базасы, әртекті кемелер дивизионы, теңіз жаяу әскери бригадасы, әуеге қарсы қорғаныс күштері, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, әскери полиция және авиация базасының әскери қызметшілерінен құралған командалар бақ сынасты.
«Дәстүрге айналған әскери қызметшілер арасындағы шағын футболдан жарыс тартысты өтті. Барлық команда өздерінің шеберліктерін көрсетті», – деді авиация базасының командирі полковник Медет Әскетаев.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы алды. 2-орынды авиация базасы, 3-орынды – теңіз жаяу әскери бригадасы иеленді. Жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен марапатталды.