Ақтауда БАҚ өкілдері «Тәуелсіздік: тұғырлы 30 жыл» тақырыбында өткен шеберлік сағатқа қатысып, витражда сурет салуды үйренді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шеберлік сабағын Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздарының бастамасымен өтті. Оған Маңғыстау облысындағы белді басылымдардың тілшілері мен республикалық телеарналардың меншікті тілшілері, баспасөз хатшылар қатысты.
«Шеберлік сағаты арқылы тәуелсіз 30 жыл ішінде елдегі өзгерістер мен жаңалықтарға шығармашылық тұрғыдан қарауды жөн көрдік. Сол себепті де көне өнер түрінен таныстырылым сабағын ұйымдастырдық. Журналистер қауымы шыныға сурет салу арқылы қазақ мәдениетінің болмысымен жақынырақ танысты деген сенімдеміз», - дейді шеберлік сағатын өткізуші, қосымша білім беру педагогы Алмагүл Жұмаева.
Алдымен БАҚ өкілдері антикалық өнер түрінің шығу тарихымен, қазіргі заманда және дизайнда қолдану жолдарымен танысты. Кейін өздеріне берілген материалдармен әртүрлі эскиз бойынша шыныға сурет салды.
«Витражда сурет салу техникасы ақпаратпен тікелей жұмыс істейтін журналистер үшін өте пайдалы деген ойға қалдым. Себебі, стресс пен шаршауға толы жұмыс кезінде жүйке жүйесін тыныштандырып, назарды бір нәрсеге аударуға көп көмектеседі екен. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай шара ұйымдастырған Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымына алғыс білдіремін», - дейді «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Тамара Степанова.